Алматы қалалық спорт басқармасының лауазымды тұлғалары 360 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлады.
Агенттіктің Алматы қалалық департаментіндегілер басқарманың бұрынғы басшысы және оның қарамағындағы қызметкерлер ЖШС директорымен алдын ала сөз байласу арқылы мемлекет қаржысын жымқырғанын анықтаған.
«Алдын ала сөз байласып, спорт жабдықтарын жалға алуға, мемлекеттік сатып алу шеңберінде сертификаттар мен кубоктар сатып алуға жалған шарттар ресімдеген. Ал қаражатты ЖШС директорының туыстарының банктік шоттарына негізсіз аудару арқылы 369 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды» делінген ақпаратта.