Қазақстанда кеңсе тауарларының бағасы шарықтап кетті. Көшті Түркістан облысы бастап тұр.
Energyprom.kz мәліметінше, биыл шілде айындағы жағдай бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда кеңсе тауарлары 12,3% қымбаттаған.
Өңірлер бойынша бағаның аса қымбаттағаны Түркістан облысының халқы сезінуде. Күнгейде тауар 50,1 пайызға шарықтаған. Сондай-ақ, Атырау (31,1%) мен Ақмола (14,7%) облыстарында және Алматы қаласында (14,5%) да баға айтарлықтай өскен. Ал Жамбыл облысында баға небәрі 1,2% қымбаттаған.
Атап айтқанда, бейнелеу сабағына арналған сурет дәптері бір жылда — 14,1%, шарикті қаламсап — 13,2%, түрлі-түсті қаламдар жиынтығы — 12,1%, дәптер — 12%, А4 форматтағы ақ қағаз 10,6% көтерілген.
Порталдың жазуынша, шілде айында білім беру қызметтерінің бағасы 11,5%-ға өсті. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру қызметтері бір жылда 7,1%-ға, орта білім беру 6,8%-ға, кәсіптік орта білім беру 11,7%-ға, жоғары білім беру 17,7%-ға, ересектерге арналған білім беру 10,7%-ға көтерілген.
Өңірлерлерде білім беру қызметтері бойынша бағаның ең жоғары өсуі Атырау (50%), Павлодар (19,4%) және Шығыс Қазақстан (19,1%) облыстарында байқалған.