Елімізде 1 тамыздағы жағдай бойынша 9 077 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 96,9 мың этникалық қазақ отанына оралған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілердің мәліметінше, жыл басынан бері қандас мәртебесін алғандардың жартысынан көбі (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% –Қытайдан, 7,1% – Түрікменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% басқа елдерден келген.
Этникалық қазақтар негізінен Алматы (30,8%), Маңғыстау (17,9%), Түркістан (9,7%) және Жамбыл (6,5%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (5,7%), Нұр-Сұлтан (7,2%) және Шымкент (8,0%) қалаларына қоныстанған.
«Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 60,5%, еңбекке қабілетті жастан кіші -26,2% және зейнеткерлер – 13,3%. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,8%-ы жоғары білімді, 39,8%-ы орта кәсіби білімді, 46,7%-ы жалпы орта білімді және 1,6%-ының білімі жоқ» делінген министрлік мәліметінде.