Алматы облысында жас жігіт бір түнде үш көлікті ұрлап кеткен. Онымен қоймай ол үш рет жол-көлік апатын жасаған. Оның бірінде айдап кеткен көлігі жол апатынан аударалып қалған. Жас жігіт медицина қызметкерлерінің көлігін де айдап кеткен.
Оқиға 31 шілде күні кешкі уақытта орын алған. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 102 қызметіне кешкі сағат 21.45-те Құлжа тасжолының бойындағы тұрғын үй кешенінің аумағынан «BMW» көлігі ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Өзгенің көлігін айдап кеткен жігіт тұрғын үй кешенінен шыға бергенде «Ауди» көлігімен соқтығысып, оқиға орнынан қашып кеткен. Содан Есік қаласына жеткен ол қарсы жолаққа шығып кетіп, «Toyota» көлігімен соқтығысқан. Оқиға орын алған жерде көлікті тастап, қашып кеткен. Өзгенің көлігімен екі рет көлік оқиғасын жасаған күдікті мұнымен тоқтап қалмаған.
Бір бойжеткенің «Nissan» көлігін тартып алып айдап кеткен. Көп ұзамай жол бойында ол аударылып қалды. Бұл оқиғаға куә болғандар жедел жәрдем шақырған. Алайда осы сәтте жас жігіт тағы бір қылмыс жасап, өзіне көмекке келген жедел жәрдем көлігін айдап әкеткен.
«Күдікті облыстық жедел жәрдем станциясына тиесілі «Jac Sunray» көлігімен қалаға қайта келгенде оны патрульдік полиция экипажы «Ұстап алу» жоспары бойынша қолға түсірді. Күдікті – 1994 жылы туған ер адам. Медициналық куәландыру барысында есірткі тұтынғаны анықталды. Ол бірден қамауға алынды», – деп хабарлады ведомствадағылар.
Қазіргі таңда бөтен көліктерді заңсыз айдап әкету деректері бойынша үш қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар үш жол көлік оқиғасы бойынша да іс қозғалған. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.