ШҚО-да жетім балаларға арналған мектеп-интернаты директорының үстінен қозғалған іске қатысты тергеу жұмыстарын Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департамент қызметкерлері жүргізген.
Ведомства мәліметінше, директор 2013 – 2019 жылдар аралығында емдік дене шынықтыруға бөлінген ақша қаражатын ұрлап, сабақ өткізбестен, оқу сағаттарын жүргізгені үшін ақы алып отырған. Бұдан басқа, ол интернат қызметкерлеріне қосымша жұмыс істегендері үшін ақы аударып келген. Кейіннен олар ол ақшаларды есепшоттарынан шешіп, директорға әкеп беріп отырған. Ал шын мәнінде қызметкерлер қосымша жұмыс атқармаған. Бұнымен қоймай директор өзінің танысына қарызын қайтару мақсатында оның жұбайын жұмысқа алып, 729 мың теңге еңбекақы төлеп, бюджет қаражатын талан таражға салған. Сотталушы өз кінәсін мойындаған.
«Облыстық соттың қылмыстық істер бойынша сот алқасы оның өз кінәсін мойындап, шығынды толықтай қайтарғанын, жасөспірім баласының бар екенін ескере отырып, А.Базархановаға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады» делінген ведомства мәліметінде.