Әлеуметтік желілерде ауладағы сәкіде (топчан) шырт ұйқыда жатқан балаларын ұйқысынан оятудың ерекше әдісін ойлап тапқан әкенің әрекеті қызу талқыланып жатыр. Оның видеосын желі қолданушылары жарыса бөлісуде. Онда ер кісі балаларды «Тұрмайсыңдар ма?» деп ұйқыларынан оятпақ болады. Алайда балалар оның сөзіне құлақ аса қоймайды. Осы сәтте ер кісі кенеттен мемлекеттік Әнұранды шырқайды. Оны естіген балалар орындарын атып тұрады. Ұйқылы-ояун оң қолдарын кеуделеріне қойып, Әнұранды бірге шырқай бастайды.
Видеоны көрген желі қолданушылары балаларға риза болып, оларға патриоттық тәрбие беріп отырған ата-анасына алғыстарын жаудырды.
«Дұрыс, баланы осылай тәрбиелеу керек», «Алла риза болсын! Өркендерің өссін», «Әкесін жастайынан тыңдаған ер бала өскенде үлкен азамат болары анық», «Міне, нағыз патриот ұландар! Елімнің болашағын ойлаған әке, жарайсыз», «Отанды сүю отбасыдан басталады деген осы», «Түрлерінен өзінің, ұйқыларын аша алмай тұр ғой», «Осындай ұлдарды тәрбиелеп отырған ата-аналарына алғыс» деп жазды желідегілер.