Бүлдіршінді аман алып қалған жігіт Ерасыл Махмудтың жасы 19-да. Абай атындағы Педагогикалық университетінің студенті. Ол көпқабатты тұрғын үйдің 7-қабатынан құлап кеткелі тұрған бүлдіршінді байқап, дереу көмекке келген.
Оқиға 21 шілде күні 18 қабатты «Алтынбұлақ» тұрғын үй кешенінде болған. Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл туралы құтқарушыларға оқиға куәгері Ермекбай Таймабаев хабарласқан. 67 жастағы тұрғын қолына бір жасар немересін алып, аулада серуендеп жүрген екен. Кенеттен кішкентай баланың шыңғырған дауысын естіпті. Бүлдіршін өрт сатысының қоршауына қысылып қалған. Қария аулада жүрген жастарды көмекке шақырған.
«Баланың басы темір торға қысылып қалған. Денесі мен қолы сыртта, салбырап тұрды. Құлап кетуі мүмкін еді. Қолымда немерем болғандықтан өзім көмекке бара алмадым. Көмекке бір жас жігіт жүгіріп келді. Абырой болғанда, кішкентай баланы аман алып қалды. Жас жігіт оны анасына табыстады»,-деді оқиға куәгері.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы студент жігітті министрлік тарапынан марапаттауға ұсынбақ.