Ұйымдастырушы Өзбекстан елінің азаматы. Ол бұл қылмысқа мал ұрлауда тәжірибесі бар өзінің жерлесі мен жергілікті бір азаматты тартқан. Түркістан облысының полицейлері ұсталған үшеудің мал ұрлығының 16 жайтына қатысы барын анықтады. Облыс тұрғындарына келтірілген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады.
Анықталғандай, күдіктілер қылмыс жасау барысында өз рөлдерін алдын ала жоспар бойынша орындаған. Мысалы басты күдікті мал жайылымында қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда жүк көлігіне тиеп отырған. Содан сыбайласы екеуі ұрланған үй жануарларын сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізген. Олар ұрлаған олжаларын «Газель» маркалы көлігімен тасымалдаған. Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде күдіктілерден «Газель» көлігі мен 2 бас жылқыны тәркілеп алды. Дәл қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.