Аурухана төсегіне таңылған балалардың ең кішісі – бір жаста. Қалғандары 11, 9 және 6 жаста. Дәрігерлер олардың жағдайы орташа ауыр екенін жеткізді. Ата-аналарының айтуынша, олар бірер күн бұрын қарбыз жеген. Сондықтан қарбыздан уланды деген күдік болыпты. Бірақ бүлдіршіндерден алынған түрлі талдау нәтижесіне сүйенген дәрігерлер мұны теріске шығарып отыр.
— Егер олар қарбыздан уланса, балалар көп уақыт өтпей науқастанар еді. Бірақ аурудың белгісі бірнеше күннен кейін ғана білінді. Сұрастыра келгенде балалардың біреуі ғана қарбыз жегені анықталды. Сондықтан олардың қарбыздан уланды дей алмаймыз. Әзірге «өткір гастроэнтероколит» деген диагноз қойып отырмыз, — дейді Орал қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Надия Ахметова.
Дәрігерлердің айтуынша, балалар түнімен қызулап шыққан. Бірақ дене температурасы таң ата басылған. Антибиотик егілгесін, саулығы түзелген бір бүлдіршін бүгін үйіне жіберіліпті. Қалған үшеуі ауруханада әлі бір аптадай емделеді.