Ақтөбедегі байланыс колледжінің студенттері жаңа оқу жылын теміржол колледжінде жалғастырады. Білім басқармасының басшылығы жақында екі оқу орнын біріктіру туралы шешім шығарған. Бірақ бұл жаңалық ата-аналар мен оқытушылардың наразылығын тудырып отыр.
Екі баласы байланыс колледжінде оқитын Ақбота Үмбетова орналасқан жеріне, материалдық-техникалық базасы мен педагогикалық құрамына қарап, осы оқу орнын таңдағанын айтады. Балаларының енді қаланың басқа ауданына қатынап оқитыны оны қынжылтып отыр.
«Мен ұлым мен қызымның теміржол колледжіне ауысуына түбегейлі қарсымын. Біріншіден, жолы алыс. Екіншіден, ол колледжде үнемі төбелес болатынын естимін. Ер балам үшін қорқамын. Балаларымды оқудан шығарып алуға мәжбүрмін», — дейді ата-ана.
Тағы бір студенттің ата-анасы Қарлығаш Елеусінова екі түрлі саланың мамандарын қалай бір жерде оқытатынын түсінбей дал.
«Теміржол колледжі тек қана темір жолда еңбек ететін кадрларды даярлайды, ал бұл жерде байланысшылар оқиды емес пе? Екеуін біріктірген дұрыс емес деп есептеймін», — дейді ол.
Бұл шешімге колледж оқытушылары да қарсы. Сексеннен астам қызметкер екі ортада жұмыссыз қалып қоямыз ба деп алаңдаулы.
«Екі колледж біріктірілген жағдайда, ол жердің өз қызметкерлері, оқытушылары бар. Олар біз келеді екен деп, жұмыс орнын босатып бермейді ғой?! Білім басқармасы жұмыс жайлы нақты жауап бере алмай отыр», — дейді Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі кадр бөлімінің меңгерушісі Жеңісбек Бағымбаев.
Білім басқармасындағылар екі оқу орнын бір-біріне қосу – мәжбүрлі шара екенін айтады.
«Себебі, үш жылдық талдаудың нәтижесін қарасақ, екі колледжде де жыл өткен сайын студенттер саны азайып жатыр. Мысалы, байланыс колледжі 600 студентке есептелген болса, қазір мұнда 400-ден астам бала оқиды. Көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінде де осыған ұқсас жағдай. Ғимараттар жартылай бос тұрғанша, ықшамдап, басқа қажеттілікке пайдаланайық деп шештік», — дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева.
«Оқу процессі өзгермейді. Мұғалімдер қысқартылмайды. Мамандықтар саны сақталады. Өзгеретіні тек – колледждің мекен-жайы», — деді әкімдік өкілі.
Сенімді ақпарат көзіне сүйенсек, байланыс колледжінің қазіргі ғимаратына Ақтөбе сервис колледжі орналастырылады. Ол оқу орнының ғимараты апатты жағдайда деп танылған.