Шымкентте Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум қызу жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Түркістан» салтанат сарайындағы №231 учаскеде дауыс берді.
«Бүгін Қазақстан халқы үшін өте маңызды күн. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум арқылы еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Жергілікті биліктің міндеті референдум өткізуге арналған алаңдарды ұйымдастырып, тұрғындарға дауыс беруге қолайлы жағдай жасау болды. Бұл тапсырманы біздің әкімдік толығымен орындады», — деді әкім.
Қалалық референдум өткізу жөніндегі аумақтық комиссияның төрағасы Қайырбек Құнанбаевтың айтуынша, қазір қалада 631 133 дауыс беруші тіркелген. Дауыс беру құқығы бар азаматтар референдумға әртүрлі тәсілдермен шақырылады. Ал дауыс беру учаскесіне өз бетінше келуге мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін жылжымалы жәшіктер ұйымдастырылған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды инватакси тасымалдайды.
Шымкенттегі референдумды 900 байқаушы бақылап отыр, оның 12-сі шет елдерден.
Айта кетейік, референдум учаскелері сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Қоғамдық көлік тегін.
Конституцияға енгізілген түзетулер үшін дауыс беруге 18 жастан асқан Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Дауыс беруге бір ғана мәселе шығарылады: «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған» Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы » Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?». Референдумда дауыс беруге арналған өз учаскені «ЖСН бойынша дауыс беруге арналған учаскені іздеу»сервисі арқылы табуға болады. Бұл қызмет үш ақпараттық ресурста орналастырылған: gov.kz, referendum.gov.kz, referendum2022.gov.kz. Қазақстан азаматы ЖСН арқылы референдумның өз учаскесін табады. Учаске болмаған жағдайда әкімдіктердің call-орталықтарының тізімдері автоматты түрде көрсетіледі.