Жусанның жапырақ жемірі Қызылқоға ауданында өте көп байқалып отыр. ‘’Әнет’’, ‘’Алып-Ана’’ шаруа қожалығында, Төсши, Қызыл үй, Сарғымақ, Боза елді-мекендерінің 800 гектар аумағын зақымданып үлгерген. Тіпті Сағыз-Миялы автокөлік жолы бойында да көптеп кездескен.
Мамандардың айтуынша, жусанның жапырақ жемірі былтыр да болған. Биыл жылдың ылғалды болуына байланысты көбейіп кетіпті.
«Жусан жапырақ жемірінің дернәсілі (құрт) кезінде өсімдікке көптеп залалын тигізеді. Жусанның жапырақтарын жеп, сабағын қалдырады. Шабындыққа зиянын тигізіп құрт көшіп отырады. Зиянкес құрт 1-2 аптадан кейін қуыршаққа айналады. Маусым айында қоңыздары пайда болады. Ол кезде зиянды әрекеттері елеусіз болады, — дейді «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар» әдістемелік орталығы Қызылқоға аудандық филиалының басшысы Қайрат Базарбаев.
Маманның айтуынша, аталған зиянкес аса-қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілмегендіктен, жер иелері өз күшімен өңдеуі тиіс.