Түркістан қалалық плиция басқармасына жергілікті тұрғындардың бірінен хабарлама келіп түсті. Ер кісінің айтуынша, 80 жасқа таяған әкесі үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Қария емшілікпен айналысады екен. Бұған дейін де бірнеше қалаларға адам қарауға барып жүрген. Алайда бұл жолы ұзақ уақыт хабар болмаған соң туыстары өздігінен іздеуге кіріскен. Бірақ нәтиже болмаған соң полициядан көмек сұрапты.
Аталған ақпарат бойынша жоғалған қарияны табу мақсатында полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді.
«Тәртіп сақшылары қарияның таныс-туыстарының тізімін алып, әрқайсысымен біртіндеп байланысқа шықты. Егде жастағы тұрғынның баруы мүмкін делінген аймақтарды түгел тексерді. Барлық полиция бөлімдеріне бағытнама берілді. Осындай қарқынды қызметтерінің арқасында із-түзсіз жоғалған қарияның жүрген жері анықталып, туыстарына аман-есен табысталды. Белгілі болғандай, қария осы уақыт аралығында Шымкент қаласындағы алыс туысының үйінде болған» деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.