Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев Францияның Алматы қаласындағы Бас Консулы Фабрис Невё мырзамен кездесті.
Кездесу барысында екі жақты ынтымақтастықты арттыра отырып, экономикалық қарым-қатынасты нығайту, шаһарға инвестициялық жобаларды тарту және білім мен ғылымды дамыту бағытында тәжірибе алмасу жайлы айтылды. Сонымен қатар Фабрис Невё мырза Алдағы уақытта іскерлік, туристік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Францияның бір қаласын Шымкент қаласы үшін бауырлас қала ретінде таңдауды ұсынды.
Айбек Сәттібаев Шымкент қаласының алыс-жақын шет елдермен және әлемдік мегаполистермен іскерлік-ынтымақтастық аясы кеңейіп келе жатқанын алға тартып, шаһарда инвестициялық, туристік әлеует пен мүмкіндіктердің молайғанын атап өтті.
-Қазақстан Франция арасындағы дипломатиялық қарым қатынасы сонау Тәуелсіздік жылдардан бастау алып, 1993 жылы тараптар екі жақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас жылдан-жылға жаңғырып, нығая түсуде. Біздің қаламыз үшін де бұл өте үлкен маңызға ие. Бүгінде Шымкент қаласының инвестициялық мүмкіндіктері артып, логистикалық хаб ретінде кеңейіп келеді. Франция Қазақстанның ең мықты сауда әріптестерінің бірі. Шымкент пен Францияның сауда-саттық айналымы жыл басынан бері 40,5 млн АҚШ долларын құраған. Алдағы 5 жылда қала экономикасын көтеру мақсатында инвестиция көлемін 6 трлн. теңгеге арттыруды жоспарлап отырмыз,-деді қала әкімінің орынбасары.
Француз кәсіпкерлерінің Қазақстанға, соның ішінде Шымкент қаласына инвестиция салуға қызығушылығын ерекше атап көрсеткен Бас Консул Фабрис Невё мырза мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайлы ақпараттар алды.
Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кірді. Соңғы 9 айда екіжақты тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғары. Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі.
Екі мемлекет энергетика, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында экономикамыздың жетекші инвесторлары саналатын Total Energies, Air Liquide, Airbus, Alstom, Orano және Danone секілді компаниялар бар.
Былтыр елдеріміз Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі жол картасын бекітті.
Естеріізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Француз Республикасының Президенті Эмманюэль Макронның шақыруымен 2022 жылғы 29-30 қарашада Францияға ресми сапар жасаған болатын.
Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға 30 жыл толып отырған кезеңде президенттер екі ел арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары серпінін құптады.
Олар Орталық Азияда ірі көліктік бастамалардың, атап айтқанда Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуын қанағаттана атап өтті. Тараптар Еуропалық Одақтың «Global Gateway» жобасының іске асуына қолдау білдірді.
Экономика саласында президенттер сауда мен инвестицияны, әсіресі негізгі энергетикалық секторда одан әрі дамытудың жоғары әлеуетін атап өтті. Қазақстан Францияға уран мен шикі мұнайды негізгі жеткізушілердің бірі болып табылады. Тараптар аса бағалы шикізат материалдары, оның ішінде жерде сирек кездесетін материалдар саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Сапар барысында жаңартылатын энергия көздері, «жасыл сутегін» өндіру, бейбіт атомды пайдалану, су ресурстарын басқару, темір жол көлігі және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Климаттық күн тәртібінің өзектілігі тұрғысында Қазақстанда жинақтау мүмкіндігімен бар, республиканың көміртегісіз инновациялық энергия көздеріне көшуіне ықпал ететін қуаты 1,2 ГВт жел электр станциясын салу бойынша ауқымды жобаның маңызы атап көрсетілді. Бұл жоба климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастығымыздың нығаю нышаны.
Президенттер білім саласындағы ынтымақтастықтың басымдылығын атап өтті. Олар Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашуға және дамытуға қолдау білдірді. Студенттердің ұтқырлығын, атап айтқанда «Абай-Верн» бағдарламасы шеңберінде шәкіртақылар санының көбеюіне және «Болашақ» бағдарламасы бойынша француз жоғары оқу орындары тізімін кеңейту арқасында арттыруды қолдады. Сондай-ақ Сорбонна-Қазақстан институтын қайта форматтауды қолдайтындықтарын білдірді және 2022 жылғы 30 қарашада Парижде 7-ші Қазақстан-Франция жоғары білім форумының өтуін, сондай-ақ білім беру саласындағы бірқатар құжаттарға қол қоюды құптады.
Президенттер мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыру ниетін білдірді. Олар таяу жылдары екі ел арасында мәдени іс-шараларды, оның ішінде Парижде Қазақстан Республикасының Ұлттық көрмесін өткізуге бағытталған бастамаларды құптады.
Қазақстан Республикасының Президенті Француз Республикасының Президентіне 2024 жылы Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына дайындықта табыс тіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Француз Республикасының Президентін таяу уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Шымкент француз инвесторларын ынтымақтастыққа шақырады
416
Видео
Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді