357
Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау аудандық полиция бөліміне Әлжан ауылындағы табында 50 жылқының жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Жылқылар ауыл тұрғындарына тиесілі екені анықталды. Төрт түлік 27 қарашада еркін жайылымнан жоғалып кеткен.
ІІМ Telegram-каналының жазуынша, іздеу шаралары барысында жоғалған жылқылар Барчи көлінен табылды. Алдын ала болжам бойынша, жылқылар бақташы болмаған кезде көлдегі мұз үстімен жүрген. Кейін мұз жарылып, суға батып кеткен.
Аталған факті бойынша Айыртау ауданының полиция бөліміне арыздар келіп түспеді.
Қазіргі уақытта полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайын тексеруде. Өлген малдың нақты саны анықталып жатыр.