Жамбыл облысы Тараз қаласының полициясына 67 жастағы әйел арызданып келді. Айтуынша, облыс орталығындағы “Март” сауда орталығының жанында кәмелетке толмаған ұлы мен оның ағасынан 18-20 жастағы белгісіз ер адам “iPhone” және “Самсунг” маркалы ұялы телефондарын тартып алған.
«Осы дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-бөлігімен (тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде ұрланған ұялы телефондар Алматы қаласында тәркіленді. Жаңа иелері олардың базардан сатып алғанын айтқан» делінген полиция мәліметінде.
Күдікті ретінде Алматы қаласының 19 жасар тұрғыын ұсталды. Жас жігіт өзінің кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, үйге қайтуға ақшасы болмағандықтан осындай әрекетке барған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.