Түркістан облысында заңсыз балық аулағандар ісіне сот нүкте қойды. Сотталушылар өткен жылы “Уылдырық” шарасы кезінде кезінде ұсталған болатын. Оларды Отырар ауданының полицейлері Арыс өзенінде заңсыз балық аулау кезінде құрықтаған. Тәртіп сақшылары екі браконьерден қайық, электр қуатын күшейткіш құралдармен заңсыз ауланған 150-ге жуық балық тәркілеген еді. Оның ішінде 50-ге жуығы ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Түркістан қаязы» болып шықты.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша тіркеліп, жинақталған материалдар сотқа жіберілді. Сот үкімімен заңсыз балық аулаған екі тұрғынға 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен 30 мамырына дейін Түркістан облысының аумағында балық ресурстарының заңсыз айналымы мен оны өндіру саласындағы құқық бұзушылықтар, қылмыстардың алдын алуға және қарсы тұруға бағытталған “Уылдырық” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы бағытта полиция мен табиғатты қорғау өкілдерінен құралған мобильдік топтар Шардара су қоймасының аумағында, Сырдария мен Арыс өзендерінің жағасында браконьерлік фактілерінің жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізуде.