Шымкентте мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауда кеңестер беріліп жатыр. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» жобасы аясында бітіруші сыныптағы оқушылар арасында коуч-тренерлердің қатысуымен семинар-тренинг өтті.
Шараның мақсаты — жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, жас ұрпақты белгілі мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу, кәсіптік қызығушылығы мен бейімділігін және қабілеттілігін дамыту.
Семинар-тренинг Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов, педагог-психолог Марал Жұмагелдіқызы, журналист Рахат Арғынбай және №65 мектеп-гимназиясы мен №25 мектеп-гимназиясының бітіруші сынып оқушылары қатысты.
«Сіздерді болашақ өмірге дұрыс бағыттау, мамандық таңдауға сәтті қадам жасауларыңызды негізге ала отырып, «Болашаққа қадам» жобасын іске қостық. Бұл жобада – сіздерге кәсіби бағыт-бағдар беруге бағытталатын үлкен көмек болмақ», – деді ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы.
Ұйымдастырушыларды айтуынша, басқосуда алдымен оқушыларға мамандық таңдау бағытында коуч-тренерлер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оқушылармен кері байланыс орнатты. Коуч-тренерлердің ақпаратымен азықтанған оқушылар кәсіптік сала қызметкерлерінің жұмыс процесімен жақын танысу мақсатында «Бал Текстиль» ЖШС кәсіпорына экскусия жасады. Экскурсия барысында оқушылар кәсіпорынның жұмыс ерекшеліктерімен, бұл саладағы сұранысқа ие мамандықтармен жақын танысты.
Естеріңізге сала кетейік, үшінші мегаполисте жастарға арналған бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Олар:
– “Болашаққа қадам” жобасы: (9-11 сынып оқушыларына мамандық таңдау бойынша тренингтер мен ірі кәсіпорындарға экскурсиялар);
– “Smart болашақ” жобасы: (халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан шыққан балалар мен жасөспірімдердің тізімін жасау, ағылшын тілін оқыту және бизнес ашу курстарын ұйымдастыру);
– “Жастардан жастарға ақпараттық керуен” жобасы: (Шымкент қаласында 15-28 жас аралығындағы жастарға мемлекет ұсынатын бағдарламаларды ілгерілету);
– “Өзіңді жең” жобасы: (қалада танымал жас кәсіпкерлермен және атақты спортшылармен бірлесіп мотивациялық роликтер шығару және орналастыру).