Әлеуметтік желілерде жастар арасында болған төбелестің видеосы пайда болды. Ондағы мәліметке сенсек, оқиға Алматы қаласындағы Розыбакиев-Есқараев көшесінің қиылысында түнгі уақытта болған. Куәгерлер бірнеше жігіттің бір адамға жабылғанын видеоға түсіріп, ондай соққыдан адам өліп қалуы мүмкін екенін алға тартады.
Алматы қаласының Полиция департаменті бұл видеоға қатысты пікір білдірді. Тәртіп сақшыларына куәгерлер хабарлаған.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына полицияның патрульдік экипаждарын жіберіп, құқықбұзушылықты тоқтатқан. Ал төбелеске қатысушылардың барлығы Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Төбелеске қатысы барлардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.