Шымкент қаласының 36 жастағы тұрғыны дәмханаға шабуыл жасады. Оқиға Жамбыл облысы Қордай ауданында болған. «102» арнасына 37 жастағы әйел белгісіз ер адамның дәмхана есігінің терезесін сындыру арқылы заңсыз кіріп, күш қолдану арқылы әшекей бұйымдарын, кассада тұрған 13 мың теңгені, 5 дана алкоголь және темекі өнімін алып кеткені туралы хабарлаған. Жалпы келтірілген шығын құны 137 000 теңгені құрады.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабының 3-бөлігі 3-тармағымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде 36 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны анықталды. Күдікті кінәсін толық мойындады, қазіргі таңда ол Қордай аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында қамауға алынды. Айта кетейік, оның қылмысы дәмхана сыртындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.