Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев биыл ҰБТ-ға енгізілген жаңашылдықтар туралы түсіндіріп берді. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты.
Спикердің айтуынша, биылғы ҰБТ-ның негізгі артықшылықтарының бірі – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріледі. Тест тапсырушы екі нәтижеден ең жақсысын таңдап, грант иелену үшін конкурсқа қатыса алады. Биыл бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілген. Сонымен қатар екі мүмкіндікте де түлек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдауы керек.
Тест тапсыру тілі бойынша, балалардың 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 0,14%-ы ағылшын тілінде емтихан тапсыруға ниет білдірген. Биыл тестілеу форматында өзгерістер жоқ, пәндер саны бесеу: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлығы 120 тест сұрағы болады. Ең жоғары ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат.
«Биыл «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырма, ал «Оқу сауаттылығында» 15 тест сұрағы болады. Биылдан бастап «Информатика» ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика» мұғалімдерін даярлау, «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» сияқты бағдарламалардың топтарына балалар «Математика – Информатика» комбинациясын тапсырады», – деді вице-министр.
Биыл шекті балда өзгеріс болмайды: құқық және педагогикалық ғылымдар бойынша – 75 балл, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету, медицина бойынша – кемінде 70 балл, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария бағыттары бойынша – 60 балл. Ұлттық ЖОО-ларда шекті балл – 65 балл, басқа оқу орындарында – кемінде 50 балл жинау керек. Ал тестілеуге тыйым салынған заттарды алып кіруге тырысқан және тестілеу кезінде ереже бұзған балалардың нәтижелері жойылады.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай жасалған.
«Мысалы, ҰБТ тапсыру үшін осындай балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі. Сонымен қатар сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Осы және басқа да шаралар нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 90 бала болса, былтырдың өзінде 500-ге жуық бала ҰБТ емтиханына қатысты», – деді спикер.