Шымкентте Игілік тұрғын алабы аумағынан ағып өтетін Бадам өзенінде батып бара жатқан баланы құтқарып қалған оқушылар құрметке бөленді.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Рамазан Аманкелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан баланың өмірін суда құтқарған кезде көрсеткен батылдығы мен ержүректігі үшін “Суға батқандарды құтқарғаны үшін” медалімен марапатталды. Бұл марапатты оларға қалалық ТЖД басшысы табыстап, естелік сыйлықтар тарту етті.
Қос оқушы № 128 жалпы орта мектепте оқиды.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 10 мамырда адам өзенінде болған.
Бір топ балалармен бірге Ераулет пен Рамазан шомылуға барып, сол жерде кішкентай баланың өзенге батып кеткенін естіген. Судың бетінде баланың жансыз денесін көріп, балалар оны жағаға шығарған.
Бұл кезде суды көп мөлшерде жұтып қойған баланың іші ісіп кетіп, өзі көгере бастаған екен. 9-сыныпта оқитын Рамазан шұғыл түрде реанимациялық әрекетке кіріскен. Оған оның 8-сыныпта оқитын досы Ердәулет көмектескен. Оқушылардың шебер әрекеттерінің арқасында 6 жасар бала есін жиып, өздігінен дем ала бастаған.