Елордада мас жолаушыны ұрып-соғып, тонап кеткен қырғызстандық такси жүргізушісі анықталды.
33 жастағы ер адам Алматы ауданының полиция бөліміне арызбен жүгініп, оны такси жүргізушісі тонап кеткендігін хабарлаған. Тергеу барысында жолаушы масаң күйде қалада жүру үшін жеке тасымалдаушыны жалдағаны анықталды.
Polisia.kz жазуынша, жолда келе жатып, такси салонында ол жүргізушімен жанжалдасып, оны қорлай бастаған. Шарбақты көшесінің бойындағы жол жиегіне тоқтаған такси жүргізушісі агрессивті жолаушыны көліктен сүйреп шығарып, оны ұрып-соққан. Содан 100 мың теңгеден астам ақшасын тартып алған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қырғызстанның 37 жастағы азаматы ұсталды. Оның құжаттарын тексеру кезінде шетелдіктің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екендігі анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қырғызстан азаматы мойындау көрсетпелерін беріп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.