Түркістан облысы Кентау қаласында екі мектеп оқушылары жаппай төбелескен. Олар жолдың екі жақ бетіне тұрып, бір-біріне тас атқан. Оқиға 6 маусымда Құсшы ауылында болған.
Жаппай төбелес кезінде бір баланың бас сүйегі сынып, ауруханаға түскен. Оқушының дене жарақатымен ауруханаға түскені туралы ақ халаттылар полицияға хабарлаған. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шықты.
Аталған факті бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
«Жастар арасында жанжал туындап, түсінбеушілік орын алғаны анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысты Сауран ауданының кәмелетке толмаған тұрғыны дер кезінде анықталып, полицияға жеткізілді. Ол өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда», – деп атап өтті облыстық Полиция департаментіндегілер.
Дәрігерлердің айтуынша, жарақат алған жасөспірімге ота жасалған. Қазіргі таңда травматология бөлімінде жатыр, денсаулық жағдайы бірқалыпты.