Абай облысында болған ірі орман өртінен зардап шеккен отбасы балаларына барлық жағдай жасалады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Facebook парақшасында жазды.
Еліміздің бас ұстазы өз жазбасын қаза тапқан орманшылардың отбасы мен жақындарына көңіл айтудан бастады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бірқатар шаралар қабылдап жатқанын, оқиға орын алған аймақта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күш жұмылдырылылғанын атап өтті. Осы күндері министрліктің аумақтық департаментінің, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және облыстық білім басқармасының өкілдері балалармен жұмыстар жүргізуде.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасына асыраушысынан айырылған отбасылармен жеке кездесіп, балалардың психологиялық кеңес алуына, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуына барлық жағдайларды ұйымдастыру тапсырылды. Қауіпсіз аймаққа эвакуацияланған тұрғындардың арасында 64 бала бар. Бүгінде олар отбасыларымен бірге Семей қаласындағы екі колледж ғимаратына орналастырылған. Сондай-ақ эвакуацияланған 9,11 сынып түлектерінің қорытынды емтиханды кедергісіз тапсыруы үшін барлық жағдай жасалуда — мектеп бітіру емтихандары Семей қаласында ұйымдастырылады» деп жазды министр.
Апат салдарынан асыраушысынан айырылған отбасы балалары жаңа оқу жылында білім алуын еш кедергісіз жалғастыруы үшін мектеп формасымен, қажетті оқу құралдарымен және ыстық тамақпен қамтылатын болады. Балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің үнемі бақылауында.