Шымкентте садақа жәшігінен ақша ұрлаған ер адам ұсталды. Оны ұрлық үстінде куәгерлер байқап, дереу полицияға хабарлаған.
Шақырту орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері барған. Белгілі болғандай, ер адам қаладағы ірі сауда нүктелерінің бірінде орналасқан қайырымдылық жәшігінен 20 мың теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеді. Күдікті бұған дейін есірткі қылмысы үшін сотты болған адам екен. Қазіргі таңда жұмыссыз.
«Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Ұрланған қаражат қайырымдылық қорының иесіне қайтарылды. Жақын арада жинақталған іс-құжаттар айыптау актісімен бірге сотқа жіберіледі», – деді Қаратау аудандық ПБ-ның анықтаушысы Дастан Ахмет.