Шымкентте 4 тамыздан бері іздестіріліп жатқан бойжеткен Аида Әбілданың мәйіті табылды. Полиция хабарлауынша, ол кісі өлтірудің құрбаны болған.
8 тамыз түнгі сағат 01:30 шамасында Әл-Фараби аудандық ПБ-ға туыстары үйдің жертөлесінен жоғалған қыздың өлі денесін тапқаны туралы хабарлады. Оқиға орнына барған жедел тергеу тобы жертөледен төсек жаймасына оралған, денесінде зорлық белгілері бар мүрдені анықтады.
ІІМ Telegram-каналындағы мәліметке сүйенсек, бойжеткенді туған жездесі өлтірді деген күдікке ілінді. ҚР ҚК 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдікті УҰИ-ға қамалды.
Еске салайық, 5 тамыз күні Әл-Фараби АПБ-ға жас қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен болатын. Ағасының айтуынша, 2004 жылғы студент 4 тамыз күні үйден белгісіз бағытқа шығып қайта оралмаған.
Түркістан облысының тумасы оқуына байланысты уақытша әпкесінің үйінде тұрған.
Жедел-іздестіру жұмыстарына Шымкент қаласы ПД-нің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. БАҚ-та және әлеуметтік желіде 18 жастағы қыздың іс-түссіз жоғалғаны туралы хабарландыру таратылған болатын.