Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Корея елінде жұмысқа заңды түрде орналастыру шаралары пысықталып жатыр. Үкімет отырысында Премьер-министр орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай деді.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанға барлығы 13,5 мың қандас келді, оның 8,5 мыңы еңбекке қабілетті. Олардың барлығы әлеуметтік қолдау және бейімдеу, жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылды.
“Сондай-ақ, көші-қон саясаты тұжырымдамасы шеңберінде шетелде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам адам болған”,-деді министр.
Еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Еңбекмині Түркиямен, БАӘ, Ұлыбританиямен және т.б. елдермен жаңа келісімдер жасасуға бастамашылық жасау жөнінде қосымша шаралар қабылдады.
Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда.
“Біз migration.enbek.kz порталы арқылы осы жүйеге жұмысқа орналасу мүмкіндігін қосуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, құжаттарды ресімдеуге, міндетті медициналық тексеруден өтуге және т. б. көмектесу үшін тиісті жұмысты еңбек ұтқырлығы орталықтары жүргізеді”,-деді Тамара Дүйсенова.