Шымкентте тағы бір тұрғын үй отқа оранды. Оқиға кеше, 8 тамызда кешкі уақытта болған.
Қалалық ТЖД хабарлауынша, «101» басқару пультіне сағат 18.57-де Айсүгір көшесіндегі жеке тұрғын үйде өрт орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер аумағы 120 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй толығымен, ішінде үй заттары, жиһазы, тұрмыстық техникасы жанып жатқандығын анықтады. Бұдан өзге үйдің ішінде газ баллоны болған.
Тез арада өртті сөндіру, газ баллонды суыту жұмыстары жүргізіліп, №2 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Ғалымжан Битанов 50 литрлік газ баллонды қауіпсіз аймаққа алып шығарды.
“Өрт сөндіруге Өрт сөндіру қызметінің 20 қызметкері мен 5 техника жұмылдырылды. Қызыл жалын 19.23-те оқшауланып, 19.42-де сөндірілді. Өрттің салдарынан 1992 жылы туған ер адам 19 % күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Жағдайы қанағаттанарлық” делінген ведомство мәліметінде.
Өрттің себебі мен материалдық залалдың мөлшері анықталып жатыр.