Түркістан облысы Қазығұрт ауданында жол ережесін өрескел бұзған той кортежі жүргізушісінің бірі анықталды. Полицейлер екінші жүргізушіні іздестіріп жатыр.
Көлік тізгіндегендердің жүгенсіз жол жүрісінің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды. Онда той кортежінде жол ережесін сақтамаған және рұқсат етілмейтін қызыл-көк түсті маяк орнатылған, тіпті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз трассада емін-еркін жүрген екі көлікті көруге болады.
Облыстық Полиция департаменті видеодағы ВАЗ 21015 көлігі анықталып, оның жүргізушісі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 2-бөлігі, 603-бабы 2-бөлігі, 601-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылғанын хабарлады. Жүргізуші кінәсін толық мойындаған.
Ал бейнежазбадағы екінші Lada Granta көлігін басқарған шымкенттік тұрғынның жеке басы анықталып, іздестіру жұмыстары жүргізілуде.