Оқиға Абай ауданында орналасқан көлік жөндеу орталығында болған. Оңтайлы сәтті пайдаланған жас жігіт түн ортасында орталыққа терезе арқылы кіріп, сейфтен ақшаны алған соң ізін суытқан.
Жәбірленуші жеке кәсіпкер дереу полицияға арызданып, 7 млн 500 мың теңгесі ұрланғанын жеткізген. Полицейлер жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті ретінде 23 жастағы Түркістан облысының тумасы қала аумағында ұсталды. Ол сол орталықта дөңгелек жөндеумен айналысатын жұмысшы болып шықты.
“Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі 3- тармағы «Аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық» бойынша тіркелді. Тергеу барысында ер адам сейф ішінде қомақты қаражат сақталатынын байқап, қылмысқа алдын ала дайындалғаны анықталды. Ұрланған ақшаны жеке қажетіне жаратып жіберген. Тергеушілер оның кінәсін дәлелдейтін айғақтар мен жинақталған іс-құжаттарды сотқа жолдады” делінген полиция мәліметінде.
Сот үкімімен жас жігіт кінәлі деп танылып, оған 5 жыл 6 ай мерзім бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.