Балабақшаларда орындарды бөлу кезінде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін балаларды кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленетін болады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Ата-аналардың отбасының өмірлік түрлі жағдайларына байланысты мектепке дейінгі ұйымды таңдауының жаңа жолдары қарастырылуда. Балаларға тең жағдай жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды мәселе – халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын тегін тамақтандыру болып табылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылады.
Айта кетерлігі, елімізде 2-6 жас аралығындағы балалардың 89,1 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған.