Шымкент, республикалық маңызға ие ресми қала. Яғни үшінші мегаполистің кескін- келбеті тек сәнді, сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтарымен өлшенбейді. Оның шырайлы шымқалаға айналуы үшін тазалағыда өте маңызды. Сондықтан, әрбір тұрғын, өз қаласына сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен қараса нұр үстіне нұр болар еді. «Тазалық табалдырықтан басталады» дейді дана халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениеттіліктің белгісі. Десе де, кейбір Шымкенттіктер, тазалық сақтаудан бұрын, тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелерге белшеден қарызға батқан. Тіпті, кейбірінің келісімшарты жоқ.
Бүгінде қала тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің мекемелеріне 300 млн теңгеге жуық қарыз екені белгілі болды. Бұл өз кезегінде 5 ауданның тазалық жұмыстарына жауапты коммуналдық мекемелердің қызметіне жұмысын жүйелі атқаруына кедергі келтіреді. Екіншіден тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шықпауына, қаланың ластануына алып келеді.
Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қоғамдық орындарды тазалау, күтіп ұстау, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Алайда, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметі үшін ақы төлеу тұрғындардың міндетіне кіреді. Сондықтан қоқыстың уақытылы тазалануы үшін тұрғындар, арнайы мекемелермен заң аясында келісімшартқа отыруы, оның ақысын айма-ай төлеуі тиіс.
Өкінішке қарай, бүгінде көптеген тұрғындар тиісті қоқыс тасымалдаушы компаниялармен келісімшарт жасамаған. Демек, олар мердігер мекемелерге ешқандай ақы төлемейді. Соған қарамастан бұл азаматтар да өзгелермен бірге тұрмыстық қалдықтарын арнайы орындар мен қоқыс контейнерлеріне күнделікті тастап келеді. Сонымен қатар, арнайы келісімі бар бола тұра, қызметақысын төлемейтіндер де бар. Мәселен, Тұран ауданында тазалықпен айналысатын 3 мекемеге, халықтың қарызы 39,4 миллион теңге.
Ал, Әл-Фараби ауданы бойынша айтар болсақ, «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС-іне тұрғындар 18,3 миллион теңге, «Арнаулыавтокөлік» компаниясына 5,7 миллион, «Қазығұрт» тұрғын алабына қызмет көрсететін «Эко Тазалық» ЖШС-на 10 млн. теңге қарыз. Сонымен қатар, бұл ауданда 2 903 абонент немесе 9 700-ден астам тұрғын мердігер компаниялармен келісімшарт жасамаған.
Абай ауданына тоқталсақ. Аталмыш ауданда қала тазалығына жауапты 5 мекеме бар. 49 300 абоненттің мердігер компанияларға жиынтық берешегі 49,5 миллион теңгені құрап отыр. Мәселен, 18 мыңнан астам халқы бар Ақжайық және Бозарық шағын аудандарына қызмет көрсететін «ЖанМейір» компаниясы өз клиенттерінен 19 миллион теңге қарызын өндіріп ала алмай отыр. Ал, тұрғындардың «Бастау» ЖШС-інің алдындағы қордаланған қарызы 18 миллион теңгеге жеткен. Ауданда бұдан бөлек, 10 мыңнан астам азамат тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарушы компаниялармен келісімшарт жасамай, бұл қызмет үшін ақы төлемей отыр.
Еңбекші ауданында да дәл осындай жағдай. Мұнда тұрғындардың мердігер компаниялардың алдында 74 миллион теңгелік берешегі қордаланып қалған. Оның ішінде тұрғындар «Арнайыавтокөлік» ЖШС-іне 64 миллион, «ЭкоКомТазалық» компаниясына – 10 миллион теңге қарыз болып отыр. Сонымен қатар, Қаратау ауданында бұл өзекті проблемаға айналды. Тазалықпен айналысатын 5 коммуналдық мекеменің алдындағы халықтың берешегі 89,9 млн. теңге.
Расында 1,2 миллионға жуық халқы бар үлкен қаланың тұрмыстық қатты қалдықтарын күнделікті шығарып, тазалықты сақтап отыру өткен ауқымды жұмыс. Бұл жұмыс үлкен қаржы мен өзге де ресурстарды талап етеді. Демек, тұрғындардың бұл қызметтің ақысын уақтылы төлемеуі мен мердігер компаниялармен келісімшарт жасамай, төлемақыдан жалтаруы қаланың тазалығын сақтауға кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Қала берді, экологиялық ахуалдың төмендеуіне, адамдардың денсаулығына да тікелей әсер етеді.
Айта кету керек, қордаланған қарыз, арнайы автокөліктердің жанар-жағармайы мен техникалық күтіміне ғана жұмсалмайды. Қаланың тазалығы үшін ертелі-кеш тынбай еңбек еткендердің еңбекақысы. Сондықтан, өзіңіз секілді жандарға жанашырлықпен қараңыз. Тиісті мекемен келісімшартқа отырып, қызметақысын уақытылы төлеңіз. Сонда сіз де, мердігерлерден өз міндетін толық, әрі сапалы атқаруын талап ете аласыз.