Марқұм композитордың ұлы Бейбарыс Серікбаев Төлеби ауданында өз өмірімен қоштаспақ болған бойжеткенді аман алып қалды. Қызды құтқарып қалған композитордың ұлының қасында әріптесі болған. Олардың екеуі де полиция қызметкерлері.
Түнгі уақытта полиция бөліміне павлодарлық жас жігіт хабарласып, көмек сұраған. Айтуынша, таныс қызы өз-өзіне қол салуға бекінген. Учаскелік инспекторлар Есенғали Асқарбеков пен Бейбарыс Серікбаев бірден қыздың тұрғылықты мекен-жайын анықтап, сол жерге жеткен.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары үйдің қақпасын қаққанымен, есікті ешкім ашпапты. Содан полицейлер уақыт жоғалтуға болмайтынын түсініп, қақпаның үстінен асып түскен. Үйден қыздың анасы шығып, мән-жайды сұраған. Алайда үй иесі қызы өз бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтыпты.
«Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін үйді тексермекші болады. Осылайша олар қыздың бөлмесінде жоқ екенін және ас үйде қоштасу хаты тұрғанын анықтайды. Олар үйдің барлық жерін аралап шыққан. Бейбарыс Серікбаев үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды тапқан. Учаскелік қызметкер дереу әріптесін көмекке шақырған. Бірі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кескен. Содан кейін оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жансызданған аяқ-қолдарын уқалап, жасанды тыныс алдырып, кейін жедел жәрдем шақырған» деп атап өтті ведомстводан.
Дәрігерлердің айтуынша полицейлер қызды дер кезінде құтқарып қалған. Бірнеше секундқа кешіккенде, бойжеткен қайтыс болуы мүмкін еді.
Бейбарыс Серікбаев 2022 жылдан бастап, ал оның әріптесі Есенғали Асқарбеков 2009 жылдың қыркүйегінен бері ішкі істер органында қызмет етіп келеді.