Шымкентте ер адам өгей қызына қатысты зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді.
22 тамызда 102 арнасы арқылы жергілікті тұрғын хабарласып, 21 тамызда оның 6 жасар қызына бірге тұратын ер адамы сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағанын айтып арызданған. Полицейлер бұл деректі ҚР ҚК-нің 121-бабының 4-бөлігі « жас балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тіркеп, оқиға орнынан бой тасалаған күдіктіні іздеуге кіріскен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 44 жастағы күдікті досының пәтерінде ұстады. Ол бұрын алаяқтық жасағаны үшін сотты болған. Жедел уәкілдер тұрғын үйді тексеру кезінде салмағы 4 келіге жуық марихуанаға ұқсас ерекше иісі бар зат салынған сөмке тапқан. Полиция бұл фактіні 296-бабы 4-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша тіркеді.
Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.