Түркістан облысы Келес ауданындағы №23 1-мамыр атындағы жалпы білім беретін мектептің 1-сыныбына үш егіз барды. Олар: Алинұр мен Айзере, Әділбек пен Әсілбек, Аман мен Есен.
Аталған білім ошағында «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасы өтіп, бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Бұл білім ошағына биыл 85 бүлдіршін бірінші сыныпқа барса, олар 4 сыныпқа бөлініп білім алады. Өткен жылы 27 оқушы түлеп ұшса, соның 10-ы еліміздегі жоғары оқу орындарындағы білім гранттарының иегері атанған.
Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Келес ауданында 2023-2024 жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 3100-ден аса оқушы қабылданды. Жаңа оқу жылынан бастап аудандағы 1-4 сыныпта оқитын 13000-нан аса бала бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аудан бойынша 3200-ден аса бала мектепке тасымалданса, биыл «Балалар жылы» аясында Келес ауданына 12 заманауи автобус берілді.