Шымкенттік тұрғынның көлігін бөтелкелесі ұрлап кеткен.
Полицияға үйінің ауласында тұрған көлігінің жоғалып кеткені туралы арызбен қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші көлікті үйіне қонаққа келген танысы ұрлауы мүмкін екенін айтқан. Ер адам ішімдік ішкен соң ұйықтап кетіп, қайта оянғанда досын да, көліктің кілтін де таппай қалған.
“Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ЖБО инспекторларының көмегімен бейнебақылау камералары арқылы ұрланған “ВАЗ-2115″ көлігінің қозғалыс бағытын қадағалады. Нәтижесінде автокөлік Түркістан облысындағы жеке үйлердің бірінің маңында тұрған жерінен табылды. Оны ұрлаған адам да осы жерден ұсталды. Ол тағы бір досына қонаққа келген болып шықты” деп хабарлады полициядан.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталған, сондықтан ол арнайы қабылдау орнына қамалды. Ал көлік заңды иесіне қайтарылды.
Аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.