Шымкентте шәкіртақысын құмар ойынға тігіп, ұтылып қалған студент қылмысқа барған. Ол саябаққа келген бойжеткеннің ұялы телефонын ашықтан-ашық алып ашқан.
Полицияның «102» арнасына түнгі уақытта телефон ұрлығы туралы арыз түскен. Құрбысымен саябаққа серуендеуге барған жас қыз құны 150 мың теңге тұратын смартфонынан айырылып қалғанын айтқан. Айтуынша, бейтаныс жігіт алдымен жәбірленушінің құрбысынан сөйлесіп алу үшін смартфонын уақытша сұрап, іздеген адамымен байланыса алмаған соң кері қайтарып берген. Кейін интернет арқылы хабарласып көру үшін екінші бойжеткеннің телефонын алып, бірден қаша жөнелген.
«Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның сипаттамасы бойынша ер адамның қашқан бағытын анықтап, жедел іздестіру шараларын жүргізген. Күдікті 3 сағаттан соң қала көшелерінің бірінде ұсталып, полиция басқармасына жеткізілген» деп хабарлады полициядан.
Белгілі болғандай, студент жігіт анасына беруге келіскен шәкіртақысын ойынға тігіп, ұтылып қалған. Кейін сол ақшаны орнына қою үшін амалсыз осындай қадамға барған екен. Ол ұрланған мүлікті ломбардқа өткізуді жоспарлаған.
Смартфон заңды иесіне қайтарылды. Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы “Тонау” бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.