ҚР Туризм және спорт министрлігі футбол федерациясына ресми хат жолдады. Олар, қазақ тілінің ерекше мәртебесіне тоқталып, оны барша азаматтар құрметтеу міндетті екенін жеткізген.
«Министрлік ұлттық құраманың бас бапкерімен мемлекеттік тілді құрметтеу қажеттілігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті. Қазақстан футбол федерациясы ведомстволық бағынысты ұйым емес, оның ішкі мәселелеріне араласа алмаймыз. Дегенмен, министрлік еліміздің спорт саясатын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті орган ретінде қажетті түсініктемелерді сұрауға құқылы», – делінген ведомство хабарламасында.
Ал, бұл сауалға Қазақстан ұлттық құрамасы бірден жауап берді.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне құрмет көрсетпеуіне қатысты видеоға байланысты Қазақстан футбол федерациясы жағдайды түсіндіре өту қажет деп санайды. Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп, жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз», – деп жазды федерация хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Станислав Черчесов, қазақ тілінде сұрақ қойған тілшіге, «француз тілінде сөйлеп тұрсың ба?», деп келемеждеген болатын. Осы әрекеті үшін сынға қалып, кейбір азаматтардың шамбайына батқан еді.