Премьер – Министрдің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Жетісу облысына барды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұнда вице-премьер азаматтармен, бизнеспен және қоғам өкілдерімен кездесулер өткізіп, оның барысында барлық сұрақтарға жауап берді, Көксу қант зауытының қызметімен танысты, өңірдегі ең ірі көкөніс қоймаларының бірін аралап шықты.
Өңір тұрғындарымен және бизнеспен кездесуде Серік Жұманғарин Жетісу облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік даму жоспарлары туралы айтты: Алакөл ауданында аудандық емхана, Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасы мен онкологиялық диспансер, Ақсу және Кербұлақ аудандарында 2 аудандық аурухана, 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік акушерлік және 5 медициналық пункт салу, 12 балалар балабақшалар, 14 мектеп, 9 мәдени нысан құрылысы туралы.
Сондай-ақ, вице-премьер ел Үкіметі азаматтарды әлеуметтік қолдау, әлеуметтік әмиянды енгізудің пилоттық жобасын іске асыру, негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қабылдап жатқан шаралары туралы хабардар етті.
– Күні кеше Жақында Астанада әлеуметтік әмиян арқылы мемлекеттік қызметтің үш түрін цифрландыру бойынша пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын тексердім, әлеуметтік қолдаудың ақшалай емес түрлерінің, яғни төлеуді қажет етпейтін тетіктері қазірдің өзінде әзір деп айта аламын. Атаулы көмек пен әлеуметтік жәрдемақыны әлеуметтік әмиянға және түрлі банктердің карточкаларына алуға болатын түрлі нұсқаларды қарастырамыз, – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әмір Ғазалиев тұрғындардың өз аймағындағы тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысынан бейхабар екенін алға тартты. Бұл сауалға облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің басшысы Еділ Зайтбеков жауап беріп, жақында осы лауазымға тағайындалғанын және ақпараттық жұмыстағы олқылықтардың орнын толтыратынын атап өтті.
Кездесу барысында Серік Жұманғарин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап берді.
Көксу қант зауытын аралау кезінде вице-премьер зауыт басшылығымен “айналым схемасының” жаңа форматын – тікелей өндірушілерге қаржыландыру бөлудің мәселелерін талқылады. Көксу қант зауытының қант қызылшасын өңдеу қуаттылығы тәулігіне 2000 тонна, шикі қант – 340 тонна/тәу. 2021 жылы қант өндірісінің көлемі 48,7 мың тоннаны құрады, оның 13,2 мың тоннасы қызылша қанты, 35,5 мың тоннасы шикі қант болды.
2022 жылдың қазан айының бірінші жартыжылдығында Сауда комитеті, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен қант зауыттары арасында елдегі қант бағасын төмендету бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бүгінгі таңда 13 өңірде несиелік келісімдер бекіту және қол қою сатысында. Аяқтау сатысында – Көксу қант зауытымен жалпы сомасы 5,6 млрд.теңгеге несиелік келісім жасалды.