Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин TRAMITE GROUP негізін қалаушы, Қазақстан-Италия сауда-өнеркәсіп палатасының өкілетті өкілі Джанантонио Траметпен кездесті. Талқыланған негізгі тақырып – итальяндық инвесторлардың екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті кеңейтуде ауыл шаруашылығы өнімін жеткізудің интеграцияланған жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы.
Жоба мақсаты – қазақстандық өндірушілердің Еуропа мен басқа аймақтардың нарығына шығуына мүмкіндік беретін сенімді логистикалық және инвестициялық платформа құру. Экспортта астық, ет, өсімдік майы, бұршақ дақылы, сүт өнімі, кептірілген жеміс, көкөніс пен жеміс пюресі бар. Сауда аймағы ЕО, Ресей, ТМД, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Парсы шығанағы мен АҚШ елдерін қамтиды.
Түркістан облысындағы «AGRIQA Азия» ЖШС іске асыратын «Шардара экспорттық агроөнеркәсіптік кластері» жобасы қызу талқыланды. 2024–2028 жылдары жобаға €200 млн салынады. Оған 22 гектарлық жылыжай кешенін, жеміс-жидек комбинатын, жоңышқа түйіршіктеу зауытын, қызанақ зауытын салу және тамшылатып суарылатын 8000 гектар жерді игере отырып, агродивизионды дамыту кіреді.
Вице-премьер ҚР Сауда және интеграция министрлігіне өзара іс-қимылды арттыру үшін бірлескен жобаларды одан әрі талқылап, іске асыруда қазақстандық және итальяндық өндірушілерді біріктіретін сауда-экономикалық миссияны жедел ұйымдастыруды тапсырды.