Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ЖОО-ға түсетін талапкерлер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) өткізудің басталғаны туралы хабарлады. 16 мамырдан 7 шілдеге дейін емтихан бүкіл еліміз бойынша 46 аймақтық орталықта өтеді.
Ведомствоның мәліметінше, өңірлік орталықтар Республикалық маңызы бар қалаларда (8 бірлік), облыс орталықтарында (16), ірі аудан орталықтарында (18) және облыстық маңызы бар қалаларда (4) орналасқан.
Олар 5800 компьютермен, үздіксіз интернетпен, бейне серверлермен, ұялы сигналдарды басатын құралдармен, металл детекторлармен, жеке және бейнебақылау камераларымен, бетті тану жүйесінің планшеттерімен, күзет дабылымен, VPN арналарының қосқыштарымен, генераторлармен жабдықталған.
«Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Талапкерлерге осы аралықта ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. 2025 жылы 217 мыңға жуық талапкер оқуды бітіреді, оның ішінде 183 мыңы ҰБТ-ға тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 30 мыңға артты. Тест аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алады»,— деп атап өтті Талғат Ешенқұлов.