Қостанайда 68 жастағы зейнеткер балконда қамалып қалды. Оқиға күндізгі уақытта болған. Үйде 2 жасар немересімен қалған кейуана балконға шыққан. Алайда ойнап жүрген немересі есікті ішінен жауып қойған. Осыған байланысты есікті ашатын ересек адам болмаған. Шарасыз күйде қалған зейнеткер балконда тұрып сырттан көмек сұраған. Оны көршілері естіп, дереу полиция хабарлапты. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келіп жетіп, оның бірі төменгі қабаттың терезесі арқылы 3-ші қабатқа көтерілген.
«Үйде кішкентай бала болғандықтан ол қорқып қалмау үшін біз тез әрекет еттік. Үй есігі мен балконға шығатын есік жабық болды. Сондықтан пәтерге балконның сыртынан көтерілу арқылы ғана кіруге болатын еді. Құтқару операциясы кезінде серіктесім менің құлап кетпеуімді қадағалап отырды», – деді полицей Еділ Мұратханов.
Қостанай облыстық Полиция департаментіндегілердің айтуынша, зейнеткерге көмекке келген тәртіп сақшысы ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері қызмет етіп келеді.