Қазір қалада сапалы электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанның атап айтқанда, 4 елді мекенде ішкі жүйелердің және қосалқы станса мен электр тарату бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сапалы жарық желілері Ынтымақ, Батыс, Тұран, Түркістан, Қайнар бұлақ, Нұрсәт, Бозарық, Асар елдімекендеріне тартылуда.
Қала әкімі М.Әйтенов Түркістан шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын пысықтады. Қазіргі таңда мұнда 8,6 шақырым электр желісі тартылып, 3 трансформатор стансасы мен 352 бағана орнатылды. Құрылыс 95 % аяқталған.
М.Дүйсенбекұлы жергілікті тұрғындардан электр қуатының төмендігі, апаттық жағдайлар бойынша өтініштер көп түсіп жатқанын ескертіп, жаңа электр желілердің құрылысын тамыз айына дейін аяқтап, тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды. Нысан іске қосылғанда 436 абонент үздіксіз жарыққа қол жеткізеді.
Айта кетейік, биылғы алғашқы тоқсанда Батыс, Тұран, Қайнар бұлақ, Түркістан, Нұрсәт елдімекендерінде ішкі электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 153,2 шақырым электр желілері мен 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор мен қосалқы станция орнатылды. Нәтижесінде 10 мыңға жуық отбасы сапалы электр қуатымен қамтылды.
Жалпы қала аумағында шағынаудандарды сапалы жарықпен қамту бойынша қосалқы стансаның және 4 нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткішін 98%-дан 99 %-ға жеткізіледі.
Қайнарбұлақ елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын ауыз су жүйелері жүргізілуде. Бүгінге дейін мұнан бөлек 170 шақырым құбыр тартылып жұмыстың 75%-ы орындалған. Биылғы жылдың соңына қарай жобаны толық аяқтау межеленген. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемелерге жұмысты ширатуды, әрі соған сай сапалы орындауды тапсырды.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ елдімекенінде электр қуатын тарату бекетіндегі 35 трансформатор бойынша 50 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде жаңақұрылыс аумағында 2 760 абонент сапалы электр жарығына қосылуға мүмкіндік алды. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда Қайнарбұлақ электр қуатымен 100% қамтылады. Сонымен қатар, елдімекенге табиғи газ құбырын тарту жұмыстарының жобасы ауқымды болуына орай газдандыруды 2024 жылы аяқтау жоспарланған.