Шымкентте жол құрылысы қаланың даму жоспарына сәйкес қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі М.Әйтенов Өтегенов көшесі жалғасының 2-кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалау үшін жауаптылармен бірге нысанға арнайы барды. Осыған дейінгі берілген тапсырмалардың орындалуын, жалпы жұмыстардың сапасы мен атқарылу барысын тексерді.
Бұл кезең Сырым батыр және Төлеметов көшелері аралығын қамтиды. Жоба бойынша жалпы ұзындығы – 1,2 шақырым, ені – 28 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Қазіргі таңда мұнда жол негізі салынып, көшеде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Сондай-ақ кестеге сай жаяу жүргіншілер жолы салынып, суағарлар, инфрақұрылым жүйелері орнатылуда. Жалпы, жұмыстар 70% пайызға атқарылды.
Жалпы ұзындығы 2,3 шақырымдық Өтегенов көшесі жалғасының құрылысын 2 кезең бойынша толық аяқтап пайдалануға беру жыл соңына жоспарланып отыр. Сондай-ақ М.Дүйсенбекұлы Солтүстік батыс шағын ауданындағы Өтегенов көшесінен Шұбаркөл көшесіне дейінгі аралықтағы Найзалы көшесінің жол құрылыс жұмыстарымен де танысты. Жобада аталған көшеге төселетін асфальт жабындысының ұзындығы 2 шақырым.
Жалпы, биыл Солтүстік батыс шағын ауданындағы 2,6 шақырымды құрайтын Найзалы және Келешек көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жол құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес іске асырылуда. Айта кетейік, 2024 жылға Тарақтас, Алтындала тұйығы, Нұрлы таң №1,2,3,4,5,6 көшелерінің тұйығына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Жалпы, Солтүстік батыс шағын ауданының жалпы аумағы 39,7 шақырымды құрайды, оның 33,6 шақырымы асфальт жол. Қала әкімі жауаптыларға жұмысты әлі де жүйелеп, жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Жауаптыларға қадағалауды күшейтіп, жұмыстардың нақты орындалуы бойынша есеп беруді міндеттеді.
Бұдан бөлек, қаланың оңтүстік бағыттағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Сонымен бірге, Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды іске асырылуда. Сондай-ақ, Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан алып жол құрылыстарының бірі «Ташкент – Алматы» бағытындағы магистралды А-2 автомобиль жолы. Қаланы айналып өтетін А-2 магистралы қазір қайта жаңартылу үстінде.