Қарағандыда сауда орталықтарының біріне келген жас жігіт еш алаңсыз эскалатордан төмен түсіп бара жатқан сәтте арқасынан белгісіз адам келіп теуіп жібереді. Соққының ауыр болғаны соншалық жас жігіт қатты жылдамдықпен аяғынан жығыла еденге етпетімен құлап, есінен танып қалған. Бұл сәттің видеосы әлеуметтік желілерде пайда болды.
Көп ұзамай полиция аталған бейнежазбаға қатысты пікір білдірді. Оқиға «Сити Мол» сауда үйінде болған. Жас жігіттің арқасынан бір теуіп құлатқан ер кісінің жүйке жүйесінде ауытқуы бар екен.
«Қарағанды қаласының 25 жастағы тұрғынына дене жарақаттарын келтіру дерегіне байланысты ҚР ҚК 293-бабы 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Полиция қызметкерлері бұрын психияторлық есепте тұрған 31 жастағы азаматты ұстады. Ол облыстық психоневрологиялық диспансеріне орналастырылды» делінген полиция мәліметінде.