Борышын абыроймен өтеген сарбаздар үйіне қайтты

422

Отан алдындағы әскери борышын өтеу әрбір ердің азаматтық борышы. Ал енді сол міндетті абыроймен атқару – жігіттің жүрегін түкті, ерік-жігерін мықты етеді. Конституциялық құқыққа сәйкес, біздің елде енді ғана мұрт тебіндеп шыққан бозбалалар өздерінің «жігіт» атанғанының айқын дәлелі ретінде Отан қорғау қызметіне қатыстырылып, міндетін мінсіз атқарады.

Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінде әскери қызметін жыл бойы өткерген сарбаздарды әскери міндеттіліктен босатып, өз отбасыларына шығарып салу шарасы салтанатты жағдайда өтті. Ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын кең байтақ Қазақстанның үкенді-кішілі қала, кенттері мен елді-мекендерінен келген жүздеген сарбаз аталған әскери бөлімде қызмет етіп, қоғам тыныштығын қырағылықпен күзете білді.

Сонымен қатар, олар ата-ана, бауырларынан жырақта жүріп, өз беттерінше өмір сүруге бейімделді десек те болады. Мәселен, әскердегі ең басты ұстаным, ұранның бірі – «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұғымға салсақ, бұл жауынгерлік рухты жани түсетін сөз екенін байқаймыз. Айталық, әскердегі әрбір сарбаз – бір-біріне бауыр. Әскери бөлім олар үшін үлкен бір қарашаңырақ десек те болады. Сарбаз сондай шаңырақтың бір мүшесі атанып, өз киіміне әркім өзі күтім жасай жүріп тәртіпке бағынып, уақытын пайдалы өткізуге ұмтылады. Мұның сыртында Отан алдындағы борышын жырақта жүріп өтеп жатқан сарбаздың сағыныш дерті меңдеп, санасы сергітіп, көңілін толқытатыны тағы бар.

Міне, бұл «әскер барған» сарбаздарға ғана тән рухани тәлім-тәрбие, сөзбен айтып жеткізе алмайтындай рухани азық екені сөзсіз. Осының бәрі де айналып келгенде адам жанын ізгілікке жетелей түсетін, сағыныш сезімі арқылы жаныңды рақатқа бөлейтін тәрбие саласының тетіктері…

Сонымен, 6506 әскери бөлімінде 2022 жылдың бірінші шақырылымы бойынша өзге облыстардан келген төрт жүзден астам жауынгер Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарды. Өткен жылы әскери бөлім территориясына табандары тиген бұл сарбаздар осы уақыт аралығында есейе түсіп, дене пішімдері де ширай түскені сырт көзге бірден байқалады. Алаң ортасында қаз-қатар тізіліп тұрғандары да, әскери бөлім командирі полковник Төлеби Чубаевтің жалынды сөздерін қуаттай түсіп, уралап қошемет көрсеткендері де, ән айтқан қарулас достарының құрметіне риясыз қол соғулары да осыны аңғартатындай.

– Сіздер өз міндеттеріңізді адал орындап, батылдық таныттыңыздар, әскери қызметтің барлық ауыртпалықтарын табандылықпен көтердіңіздер. Еліміздің алға ұстаса – айбары, қолға ұстаса найзасы сіздерсіздер! Осы әскери өмірден алған тәлім-тәрбиелеріңіз алдағы азаматтық өмірлеріңізге өз септігін тигізетініне сенімдімін, – деді бригада командирі полковник Төлеби Чубаев.  

Бұл күні жауынгерлер үшін өз үйлеріндей болып кеткен казарманың ту сыртындағы алаңға әскери бөлімнің барлық жеке құрамы салтанатты сап түзеп, шараға толық қатысты. Сап түзеген алаңның алдыңғы шебінің қарсы бетіндегі мінберде әскери бөлімде ұзақ жыл еңбек етіп зейнетке шыққан азаматтар да тұрды. Олардың барлығы да өз үйлеріне аттанғалы тұрған сарбаздарға сәт-сапар тілеп, ақжолтай ниеттерін жаудырды.

Сонымен қатар, Ұлттық ұлан жауынгерлері қоғамдық тәртіпті қадағалау қызметінде Полиция департаментінің өкілдерімен тізе қоса еңбек ететіндіктен, құқық қорғау органдарының жетекшілері де қызмет барысында өзін үлгілі етіп көрсеткен сарбаздарды марапаттауға келген болатын. Атап айтқанда, қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында айрықша қырағылығымен көзге түскен сарбаздарға қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреев пен бөлім командирі полоквник Төлеби Чубаевтың атынан Алғыс хат және әскерибөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туыжанында естелікке түскен суреттері табыс етілді. Оған қоса, Еңбекші аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция майоры Бағлан Бакиров сынды өз ісінің маманы бір топ сарбаздар легін марапаттап, құрмет-қошеметке бөледі. Сондай-ақ, жиын аясында ардагерлер қауымының атынан Ұлттық ұлан және Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Сұлтан Нұрымбетов те сөз сөйлеп, отбасына оралғалы жатқан сарбаздарға ризашылығын білдіріп, жалынды тілегін жеткізді.

– Сарбаздар сіздерге алдағы өмірде өз қабілеттеріңізді дұрыс қолдана отырып, туыстарыңыз бен жақындарыңыз үшін нағыз тірек боласыз деп сенемін. Сіздер Отанымыздың гүлденуі үшін қолдарыңыздан келгенше еңбектенетіндеріңізге сенім артамын, – деді ардагер.

Сөзінің соңында ардагерлер атынан қызметтерінде біліктілігімен ерекше көзге түскен жауынгерлерге«Отан қорғаушының анасы» төс белгілерін табыстады.

Осылайша, Отан алдындағы әскери борышын абыроймен атқарып, еліне адал қызмет еткен сарбаздар жауынгер рухын оятатын асқақ әндерін айқайлай шырқап, алаң ортасынан салтанатты шерумен жүріп өтті. Содан соң, әрбір взвод сарбаздары бөлім командирі және ардагерлерімен естелік суретке түсіп, мерзімді қызметтен босатылып, қуанышқа кенеліп жатты.

Алдыңғы пост
Абайдағы өрт. Қаза тапқандардың отбасыларына пәтер кілттері табысталды
Келесі пост
Қарағандыда ресейлік жас жігіт 4 жасар қызды ұрлап кеткен

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Fill out this field
Fill out this field
Please enter a valid email address.
You need to agree with the terms to proceed

Видео

Қала әкімі кезекті қабылдауын өткізді

Күннің жаңалықтары

Оқырмандар арасында танымал

Редакторлар бағандары

Барлық тегтер

Menu