Алматы облысында итті көлікке байлап, жол бойы сүйреп келген жүргізуші көптің жағасын ұстатты. Бұл сәтті көліктің артында келе жатқан куәгерлер видеоға түсіріп алған. Оқиға кеше, кешкі сағат 21.10 шамасында Мұздыбастау ауылы бойындағы Алатау тас жолында түсірілген.
Видеоны Instagram қолданушысы жариялады. Автордың жазуынша, үй жануарына жаны ашыған олар көлікті тоқтатып, итті өздерімен бірге алып кеткен. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсы.
Бұл бейнежазбаға қатысты Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы пікір білдірді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
«Талғар ауданының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 316-бабымен («Жануарларға қатыгездік көрсету») істі тергеуді бастады. Сотқа дейінгі тергеу жоғарыда аталған бөлімше қызметкерлеріне жүктелді. Құқық бұзушы – азамат 1987 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр» деп жазды өңірдің бас полицейі.