Ақтөбеде 18 жасар жүргізуші оқушыны қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оның жүргізуші куәлігі де болмаған.
Жол апаты түнгі сағат 22:40 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы мен Пацаев көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолағында болған. Ваз-2114 автокөлігі бағдаршамның тыйым салу сигналында жолдан өтіп, кәмелет жасына толмаған баланы қаққан. Бірақ жүргізуші оқиға болған жерден кетіп қалған. Бұл сәт көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Зардап шеккен 17 жастағы оқушы бала дереу ауруханаға жеткізілді.
«Полиция қызметкерлері іздеу іс-шараларын жүргізу барысында автокөлікті Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйдің ауласынан тапты. Көліктің әйнегі, бампері, капоты зақымданған. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды. Сондай-ақ, жүргізуші анықталды. Ол жүргізуші куәлігі жоқ 18 жастағы жас жігіт болып шықты».
Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.