Сайрам ауданында егін егіп, нәпақа тауып жүрген шаруалар егістік алқапты төрт түліктің қаны араласқан арық суымен суғарып жүр. Өйткені қасапшылар малдан шыққан қалдықтарды жөн-жосықсыз орындарға тастап кетіп жатыр екен. Бұл туралы табиғат жанашыры Ғани Назарбек Facebook парақшасында дабыл қағып жазып, тіпті қан араласқан арық суының видеосын жариялады.
«Түркістан облысы Сайрам ауданы аумағында эпидемиологиялық жағдайға талдау жүргізу қажет. Аудан аумағында көптеген «бойнялар» бар. Ол жерлерде күнделікті мыңдаған бас мал сойылып жатыр. Ал олардан шыққан қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру орындары жоқ. Қалдықтарды (тері, бас-сирақ, қан ,ішкі органдар) рұқсат етілмеген жерлерге тастап жатыр. Ондай орындар күн сайын көбейіп жатыр. Мыңдаған тонна қан жер асты суларына қосылуда, басқа қалдықтар ашық далада сасып жатыр. Бұл мәселеге жәй қарауға болмайды, болашақта COVID-19 секілді ауырудың біздің аумақтан шықпауына кім кепіл? Кәсіпкердің мүддесі бірінші тұратын елде, халықтың жағдайы кейінгі кезекте. Қоршаған ортаны осындай жағдайға жеткізген жауапты қызметкерлер заң аясында жауапқа тартылуы қажет» деп жазды белсенді.
Бұл жазбаға Түркістан облыстық Полиция департаментіндегілер пікір білдіріп, автордың арызы аудандық ПБ-тіркеліп, жинақталған материалдар бойынша заңды шешім қабылдау үшін «Сайрам тазалық» ЖШС-ға жолданғанын хабарлады.
Ал Сайрам ауданы баспасөз қызметіндегілер мұндай жағдайдың орын алу себебін түсіндіріп берді.
«Аудан орталығы Ақсукентте көпқабатты тұрғын үйлерден шығатын сарқынды сулар Қарабұлақ ауылындағы шұңқырларға (бассейндер) апарып төгіледі. Ол жерге мал сою орындарынан рұқсатсыз қан төгіліп, салдарынан ол шұңқырдың кейбірі толып қалған. Сарқынды сулар сіңбей, шұңқырдан шығу жағдайы орын алуда. Осыған байланысты, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аудандық полиция мен прокуратураға қан төгілмеуін қадағалауға алу, төккен жағдайда шара қолдану мақсатында хат жолдады. Бөлім және аудан әкімінің орынбасары тарапынан тұрғындарға мал соятын орындардан шығатын қандарды Шымкент қаласында қан тапсыратын орынға тапсырулары қажет екендігі түсіндірілді» делінген мәліметте.
Бұдан өзге аудан әкімдігі сойылған мал қалдықтарын рұқсат етілмеген орындарға төгу деректерінің алдын алу бойынша полицейлер тәулік бойы кезекшілікке бекітілетінін алға тартты. Қазіргі таңда бітеліп қалған шұңқырларды тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен. Алайда Түркістан облысының Полиция департаментіндегілер күзетіп-бақылау жұмыстары полицияның құзырына кірмейтінін алға тартты.